• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 11:06:47
+35°

10 Наурыз, 2015 Алаш-Орда

Ақан Марғұлан. Жебе

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне! 

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне! 

  Көк түрік айқара ашты көк есігін, Далаға мынау жатқан егесі мың... Саржа түс, тобылғы сап, алты қырлы, Керейдің көбе бұзар жебесімін!   Атылдым арымды өріп адырнадан, Аманат арқаланып жатыр маған. Керейден хан Кенеге кезелдім мен, Жеткенше сынбау парыз батырға аман.   Он екі қанат үйдің түндігінен, Ұмтылдым Ұлытаудың кіндігінен. Намыстың жебесімін жігер құйған, Жаралдым Ұлы халық бірлігінен.   Жүйткідім шаңға қалды жорға талып, Келемін қанша түмен қол қопарып! Қасымға «қасқа жолын» салып кеттім, Ұлы елді жықпас үшін жарға апарып.   Ұйыды жаудың қаны таңдайыма, Өңгерді қарсы келсе борбайына... Тектіден тексіз тумас Хақназардың, Бағы мен сорын жаздым маңдайына.   Тас түйін қаһарыммен түйреп келем, Жау өтін төстеп келем, сүйреп келем. Түмен мен түп қиянын түріп тастап, Жау тылын Тәуекелмен күйреткен ем.   Бабасы көк бөрілі - Ұлы түрік, Жәңгір хан тастар жауды түбі түріп. Алты жүз қол «аһ» ұрғанда Орбұлақта, Он мың бас күлге айналды үгітіліп.   Алдымда дала жатыр шөлден шөккен, Ел жатыр көздің жасын шерден төккен. Есімнің «ескі жолы» көктен түсіп, Тәукеден «Жеті жарғы» жерден жеткен!   Астында заулап келем жарық айдың, Астымда қанға шомған алып айдын. «Сары дала Ұлы халық ұясы»-деп, Хақ сөзін ала ұштым Абылайдың!   Қарашы, абыз дала аңырауын, Мен келем сыңғырлатып қоңырауын. Қадалдым хақ жүрекке хан Кененің, Сауытты тесіп өтіп омырауын.   Кеш қалдым... боз даланы қара жапты, Қайғының қан пілтесін ана жақты... Бәз біреу менен бұрын жалмап кеткен, Домалап өлмес басы бара жатты...   Боз дала бозінгендей шерге тұнып, Қараша ел жете алмады көрге тұрып. Қадалып мен де қалдым бал-бал тасқа, Жел түртсе қауырсыным тербетіліп...   Жүздеп жыл бетін жаптым көп қабірдің, Түбіне ұялады кек тамырдың. Кенеттен қайта атылдым «Құс жолына», Сурылып садағынан Көк тәңірдің!   Көк аспан айқара ашты көк есігін, Ақ сауыт азат елдің көбесімін! Сармасақ, қамыс сапты еркіндіктің, Үкілі күшіген жүн жебесімін.   Атылдым ал, жұлдыздар адырнадан, Аманат тағы артылып жатыр маған... Жібектен жейде киіп күтіп алар, Мәңгілік елдің ханы, ақырғы адам!   05.03.2015 Марғұлан АҚАН   demeu2  
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір