• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:19:13
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2015 Алаш-Орда

Шашылған сүйек (баллада)

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

  Ойын баласы, алдына қойылған асы, Соғылып әлі көрмеген сойылға басы. Шашылып жатқан сүйек бар, сонымен бір күн, «Ойнайықшы» деп жүгірген ойын қарашы. Сол сәтте бәлкім, бала емен әлден алар мұң, Түнмен түтігіп оянып, таңмен ағардым. Белгісіз жатқан сүйектер елестейді әлі, Айырмасы жоқ секілді мал мен адамның. Ауылдың ол бір шеті еді, жырақтау еді, Жырақтау жерде біз шығар қырат бар еді. Есерсоқ, ес жоқ балалар доп тебеміз деп, Сол жаққа алып баратын бірақ та мені. Ол шақта бала емес ек арманы сынық, Қиялдың құсын жүргенбіз жардан ұшырып. Сары топырақ керек деп қырат қазылды, Бірақ қазылды даланың дал-далы шығып. Талай жан сонда сол жерді иектеп еді, Тастады деп ем шығарып жиекке нені?! Ашылып жатқан мен көрген топырақ емес, Шашылып жатқан адамның сүйектері еді... *** Кел, кел балам отырғын құлақ салғын, Алжыған сөзі деме бұл ақ шалдың. Алдыңда алмағайып кез келеді, Тірліктің тұғырында тұрақтар кім?! Біздің дәурен о шақта тым бөлек-ті, Ат жалында ұйқы алған күндер өтті. Ала жіп аттамаған қайран заман, Ала жіппен өртеніп бірге кетті. Біз ақылын үлкеннің жұғындадық, Өткенді әкелсек деп бүгінге алып. Жеңгеге жігіт болып қырындадық, Қалыңдыққа жүргенде ұрын барып. ...Әй, шал-ау, көсеу қайда қараң қалғыр, Етейін деп отсың ба балаңды алғыр?! Оданда мама ағашқа байла ананы, Итті теуіп, қазанға арандап жүр. ...Қазір кемпір, жылқыны жау алмайды, Жылқы, жылқы болған соң арандайды. ...Жау алмай кім алады деп отырсың? Бұл қақпас қадалмаса қан алмайды. Әй, қойшы, не деп жатыр едім балам, ...Жүректің түкпірінде менің жарам. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен, Сақтап қалар ма екенсің еліңді аман?! (Тегін келмес өмірге тегінде адам) Атыңа қон, жауға шап, қарайлама, Қарайлама мынау ақ самайға да. Біздің тарих жазылмас шежіре ғой, Ауызша айтып кеткен талай дана. Жеткіз соның ертеңге дұрыстығын, Жүгенінде жүрмесін жымысқының. Қылышпен алып және қылыш құнын, Қайтар мына халықтың тыныштығын. Жөнел болды, бұл жерде мен қаламын, Шәлісіне оралма шерлі ананың. Қасқырша айбат шегіп көрсет жауға, Иесі «мен қазақ» деп кең даланың. Ұлы кетті бата алып, ерте жүріп, Ертеңім деп кеудесін шертеді үміт. Ана қалды аңырап алаңдаулы, Көңілінің көмбесі төңкеріліп. Дауыс шықты әлде зар, әлде мұңды, Киіп шықты үстіне шал кебінді. Дәретін ап жатқанда алыс жақтан, Шырамытып қап - қара шаң көрінді. Ау, ата-а-а-а-а жау келеді, жау келеді, Ескертіп бала келді әлденені. ...Қашпаңдар, қадірлі өлім қазақтікі, Осы еді, ақсақалдың бар дегені. Өрт орады өмірге құштар елді, Қылыш қиды намысы қысқан ерді. Ақсақал оққа ұшқанда киіз үйдің Керегесін құлатпай ұстап өлді. *** Сүйек жайлы сұрамады ешкім де, Мән бермеді ессізің де, естің де. Арыз айтып бара жатты ана жақ, Мынау жалған бес күнге. Жандар жанын тірлік үшін жалдамақ, Мазар тұрды мына жұртқа паң қарап. Ақсүйек деп ойнап жүріп көп адам, Сүйегіне дақ түсірді таңбалап. Бүгін тарих, күні кеше тірі еді, Ертеңім деп ерте айтылған тілегі. Шіріп біткен сүйек емес, талайдың Үгітіліп кеткен болар жігері. Күйіп кетсе жанамын деп жалындап, Өткеніңді бүгін кімдер сағынбақ?! Бала шағым, жоқтау айтқан қаралы ел, Болашағын көмбеп еді арулап. Беу тарихым о, не деген білгірсің, Кешегідей бүгін кімдер бір жүрсін?! Сүйек түгіл сүйенішін бұл кезең Теуіп өтіп бара жатты кім білсін...  

Қыш қала

(Қазақтың өткенінен сыр шерту) Толқып жатқан нар өркешті нар құмдар, Жол көрсетші артым – соқпақ, алдым – жар, (Мені көріп неге үнсіз қалдыңдар)?! Қыш қалаға көктем қанша келгенмен, Құм мінезін өзгерте алмас жаңбыр бар. Мені өткенге дедектетіп жетелер, Құмға сіңген тағдырлар. Құмға сіңген еңбек пен тер, көз жасын, Құм мінезі құйын боп кеп қозға шын. Шөлстан деп бастады екен неге олай, Асан қарт та сөз басын. Иманменен бергізетін арға мән, Қыш қалам-ау, құдіретіңе таң қалам Сенде қанша жүріп өткен із жатыр, Құм жасыра алмаған. Жасыра алмай түйе тауға шөккен күн, Қыш қаладан күмбездерді көп көрдім. Пешенеге жазылғаны шығар, ә?! Кесенеге айналғаны өткеннің. Мейлі осынша қысқа болсын фәни тым, Әлі қанша дүниелер бар танитын. Қайран менің қазағымнан айналдым, Қыштан құйған тарихын. Болашақ бар, бүгін менен бұрын бар, Құйын жүріп кімнің ізін құм ұрлар?! Мен сендерге өткенім деп бас ием, Қышқа айналған қысқа ғана ғұмырлар.  

Күйіну

Ауылдың баласы едім, аңғал едім, Тағдырыма көшіргем таңғы әлемін. Жұлдыздың аққанына тілек айтып, Бір қыздың аңсаушы едім арлы әдебін. Жаным ол кез сезімге жаншылмаған, Арманым да бар еді таусылмаған. Тайым қалды мініске үйретілмей, Қайың қалды қабығы аршылмаған. Көлікке отырған сәт бекет барып, Көз алдымда тау қалып, етек қалып. Жүген ұстап жүгірдің несіне аға, Жылқыны кете алмадым жетекке алып. Жазылмас жүрек дейтін ет-шипамен, Қалаға сап жіберді шеткі үй сәлем. Соңғы рет балалықпен дұға жасап, Атам жатқан мазарға бет сипап ем. Уысымда тұрғандай кей түн, әлем, Өлең жазсам – мөп-мөлдір, бейкүнәлі ем. Нілдің суын білмеймін, көргенім жоқ, «Кірдің суын баспашы», - дейтін әжем. Білемін жер – мекенім, көк – тұрағым, Несіне көп төмендеп, көп бұғамын. Кірдің суын баспаймын деп жүргенде, Өзім кірлеп кеткендей боп тұрамын.

Нұртас Тұрғанбек  - 1993 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4 курс студенті. Республикалық Мұқағали жыр мүшәйрасының бас жүлде иегері. Халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

demeu2
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір