• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:40:21
Алматы
+35°

10 Наурыз, 2015 Алаш-Орда

Жүректен тамған ыстық жас(деректі әңгіме)

                                               

                                                  "Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне!

   Қазақ баласы  тәуелсіздігін алып бой түзеді. Өткендегі шерлі уақытты  артқа тастап, жаңа ғасырдың жұпарын жұтып, терезесін күннің шүлен шұғыласына айқара ашты. Босағасынан құт кірді. Шаңырағына   бақыт қонып, төріне Қыдыр жайғасты.   Бір күнгі қуанышы,   мың күндік қайғысынан арылтты.  Көңілін  торлап алған көп күдіктен айықты. Алаулаған арман – тілегі туған елдің топырағынан өне бастады.  Сар даласының саумал лебі маңдайына ұрылып,  ақ жаңбыры таңдайына нәр құйды. Ұландары ұясында түлеп,  қырандары биіктен сорғалады.  Абыз даланың  ақ тұйғыны  қанатын қағып, шаттықтың  шалқарына  қонақтады.  Сай – саласына тіл бітті. Сыбырлай  бастады. Қазақ, қазақ , қазақ баласы! - деп жаңғырды  тау – тасы да.  Төбесін тіліп өткен құстардан барша қазақ баласына сәлем жолдады.  Сен қазақсың, сен қазақсың! - деп ән салды тал – терегі.  Ақ  бұлақтар атқақтап, теңізге айналды.  Өркештенген қара жер «бірігіңдер, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарыңдар!»  - дегендей бусана тебіренді. Қазақ даласының жусан иісі шар – тарапқа кетті. Әсіресе жат жұртта жүрген  қазақ баласының танауын қытықтады. Жүрегін баурады. Сағынышын үдете түсті. Бітіп болмайтын...  артынған – тартынған көш  басталды.  Сол  ұзын - сонар көштің көп жылдан бері куәгері, Алматы облысы Қорғас шегара бекеті.  Таңнан – қара кешке дейін қарбалас. Өз  қалпында қасқайып тұр.   Бері  жөңкілген сансыз  қазақ баласының табан ізі жатыр. Жылдың төрт мезгілінде де тыным тапқан емес,қарбалас жұмыс жасап келеді. Сан мәрте өз көзіммен де көрдім.  Отанына   ағылған қазақтардың жол серігі де болдым.

...   Әлі көз алдымда!   Өткен   жылы көктем еді.    Қытайдағы бір айлық сапарымды аяқтап,  елге қайтып  келе жатырмын.  Таңғы сағат сегізде арғы жағынан  Қытайдың  шегарасына келіп тізгін тарттық. Бар жоғы бір сағатқа жетпес уақытта жіпке тізген маржандай  қалың адам тізіле қалдық. Қара құлып салынған қақпаның ашылуына шамалы уақыт бар.  Айналамдағы  болмысты қадағалап тұрмын. Адамнан зат көп.  Кісі  басына төрт – бес сөмкеден тура келеді. Біз күткен қақпа да ашылды.  Ығы – жығы қарбалас тіршілік . Апыр – топыр адамдар  ішке қарай жүктерін сүйреп жанталаса бастады. Арасында ақ жаулықты әже, ақ сақалы төсін жапқан қарттар, бала құшақтаған жас ананың да  бараны байқалады. Бірақ,  менің назарым жұрт секілді  шегерадан қалай өту мәселесі емес, алдынғы қатардағы  мүгедектер арбасына  таңылған  әжемен  белі бүкірейіп,  таяқтың көмегімен бара жатқан   қартқа еріксізден ауа берді.  Баласы ма?!  әлде немересі ме?!  орта жастағы жігіт мүгедек әженің арбасын өз меншігіне алған. Ал, ақ сақалды қарт  олардың артынан өзі ақырын жылжып барады.  Әжесінің арбасын итерген жігіт артына жалтақ – жалтақ қарайды. Бірақ,  тарамыстанған қарттың да  қатардан қалғысы жоқ.   Аяғын  санап басады.  Сыртынан қарап тұрып,  ақ сақалды қартқа сүйсіндім. Өз басымда  алып бара жатқан оншалықты ауыр жүк  те жоқ.  Бар  болғаны жалғыз сөмке. Ойланбастан  қарт кісіге жақындадым.

  – Ассалаумағалайкум!- дедім де қолтығынан сүйей бердім.

 -Уағалайкумассалам! Әй,  қай баласың? Кімнің балассың? Есімің кім?   Нұры қайтқан жанарын маған қадады.

   –     Атамның баласымын! Есімім Ертай.

– О, көп жасағыр –ай!   қай атаңның баласысың?

– Аумин ата!  Мен Албан деген атаның баласымын.

  –     Е-е, Албан атаның баласымын де!

  –     Ата қайдан келесіз? Өзіңіздің  есміңіз...?

    – Ау!   мен бе?! Мен Тоғызтараудан келемін.  Жылқыбек деген атаң болам!

  –    Иә, жол болсын!  Тоғызтараудан келемін деңіз! Шаршап  келе жатқан жоқсыз ба?

-  Ой  қарағым!  шаршау деген не тәйрі, шамалы екі тіземнің ұйып қақсағаны болмаса әзірге  шаршау – шалдығуға бой ұсынайын деп тұрған жоқпын!

    –  Денсаулықтың жақсы болғаны жақсы әрине. Ата биыл нешені еңсердіңіз?

 – Ой,  шырағым –ай!  көп нәрсені бастан өткердік... Әйтеуір,  бір алдамшы дүние!  кеше ғана ат үстінде жылқы баққан арыстандай азамат едік, қас – қаққанша сексен тоғызға да  жас жетіп,  кәрілік деген бұғауғада іліндік қой! Кеудесінің болымсыз гірілдегені болмаса дауысы тұнық.

- Жарайсыз ата!

 – Құдай – ау, шырағым!  Жарамай  не бопты?!  Дегенмен,  оқта – тектеде ойланып қаламын.  Алдымдағы әженің арбасын итеріп бара жатқан жігіт  маған ризалықпен көз тастады да  алдыға  қарай аяңдай берді. Екі,  үш жүз метірдей жүрген соң Қытайдың құжаттарды рәсімдейтін жеріне кеп тоқтадық.  Атам саспайды. Қабат – қабат киілген қалың киімнің ана қалтасын, мына қалтасын бір ақтарыстырып жүріп, зорға дегенде  Қытайдың қызыл паспортын қолына алды.

 – Міне,  дәукіметім!  Осы бәленің көрсетпегені жоқ. Сақалымды сүйреп  қақпаған есігім  қалмады. Мына көзі сығырайған бәлелердің айтатыны сол:   Әй,  шал өлетін шағыңда қайда барасың? Құтырмай  тып – тыныш,  жылы – жұмсағыңды жеп жатпайсың ба?! -  дейді. Оған көнетін мен емес.  Құдай    берген денсаулық бар.   Отаныма  барамын! -деп қасарысып болмадым. Қойшы әйтеуір,  бірер жылдың алдында дайындалып едім,  дәукімет деген құрығыры осы уақытқа әкелді.   Өстіп тұрғанда бойы бір – ақ қарыс, қабағы қатулы, түсі суық, еріні дүрдиген Қытай шегарашысы  бізге өте беріңдер дегендей қолымен ишара жасады.  Атамды қолтықтадым да алға қарай жылжыдым.  Артымыздан  әжесін итерген жігіт те келеді. Аз кем кідірістен  соң Қытайдың шегарасындағы  дәукімет те дайын болды.  құжаттарымызды қолымызға алып,  қазақ шегерасына баратын көлікке жайғастық.

 – Ата,  сонда қайда барасыз?

 – Балам – ау!  саған  бағана айтпадым ба?! Отаныма бара  жатырмын деп.

 – Ол жағыңыз өте орынды екен!  Деседе,  қазақ жері үлкен  ғой, сонда қай жеріне барасыз?

 – Әй,  балам – ау! маған бәрі - бір!   Жалпы  қазақ даласының топырағына жетіп жығылып,  сүйегім сонда көмілсе жетіп жатыр.

– Олай дей көрмеңіз?!  алда қанша дәм бұйырып тұр.

 - Оны құдай біледі?!

 –  Неше балаңыз бар? ана кісі әжеміз бе?  Қасындағы немереңіз болар?

– Иә,  ол алпыс жылдан бері отасқан  қосағым.  Осындай сал ауырыуына шалдыққалы он шақты жылдың жүзі  болды. Үш ұлым бар.  Бәрі  де артта қалды. Ал,  мына жігіт үлкен немерем! Оқимын деп кетіп еді, өз еліне  орнығып қалды.  Етегіне оралып менде қоймадым.  Мен осы баламның қолына бара жатырмын.  Қалған балалар  уақыты келген де отанына өздері – ақ келер. Кемпірім екеуміз балаларымның қарсылығына қарамастан елге кетіп барамыз. Басында кемпірім де келісе қоймады.  Өлтіріп  кет , көміп кет, құтырған қақбас! - деп байбалам салды. Қанша дегенмен қоса қартайған қосағым – ғой,  ақыры бірге кетуге келісті.

– Ата!  өмір бойы Қытайға қызмет жасадыңыз. Енді сол еңбегіңіздің жемісін жейтін кезде ... дей бергенім сол еді, мені тиып тастады.

– Тек,  кісі елінде сұлтан болғанша,  өз еліңде ұлтан бол! -деген бабаларымыз. Қайсы бір шекесі қызғаннан Қытайға қызмет жасады дейсің! шарасыздықтан ғой бәрі.   Жас есейген сайын адамның ойламайтыны жоқ екен.  Менің  осы сапарға асққаным сонша!  тағатым таусыла күттім.

 – Енді неге асықтыңыз? мүмкін басқа балаларыңызбен бір жолда бірақ қозғалмадыңыздар ма?

- Жоқ балам!  қайсы күні қисайып кететінімді алла біледі.  Сөздің  шыны керек. Бөгде елде  қалып қаптаған қара Қытайға сүйегімді таптататын жайым жоқ. Неде болса ата – бабамның кіндік қаны тамған  қазақ даласында қалсын. Менің бар арманым сол. Болмаса қаусаған шал мұнда не тындырады дейсің! – деді де шамалы алқынғанын басып алғысы келді ме?! Біразға үнсіз қалды. Жәудіреген кәрі жанар сыртқа қадалады. Әжім торлаған дидарынан болымсыз толқу, әлде реніш айқын байқалады. Атаның қобалжыған түрін көріп, өзімді кіналай бастадым. Қап! Абайламай, көсемсіп сөйлеп үлкен адамның көңілін қалдырдым – ау, деген ойда отырмын. Кенет атам бір нәрсе айтуға оқталғандай маған мойын бұрды.

...Әй, балам – ай! Саған бір әңгіме айтайын! Осыдан бірнеше жыл бұрын еді.  Орта  жас кезіміз. Бағана сөзімде айттым ғой жылқышы едім деп. Жылқы бағып ауылдан  бірнеше күншілік жерге алыстап кеткен болатынмын. Бір күні апақ – сапақта қара тайын борбайлап кенже балам жетті. Оның түрін көріп шошып кеттім. Асығып келген шаруасының  жәй – жапсары менің де төбемнан жәй түсірді.  Жылқыны қасымдағы жігіттерге аманаттадым да сығыс атқа қонып,  ауылға суыт  тартып отырдым. Ауылға келесі күні күн шыға оралдым.  Әр жерде  топтасып тұрған адамдардың  бөгенайы бөлек  қылығы өзегімді мұзатып жіберді.  Ауылдағы ағайынның  кірбең қабағын көріп, сасып қалдым. Әсіресе қарт кісілердің жүздері сынық, қабақтары салбыраңқы.  Не болсада ауыл ақсақалы Жайлау қартқа ат басын бұрдым.

– Ассалаумағалайкум! –асығыс – үсігіс, аттан түсе сәлем бердім.

 Жайлау қарт қарағайдан қиып салынған  ағаш үйдің алдында отыр екен.

– Уағалайкумассалам! – салқын қабақпен қабылдады.

– Ой! Ақсақал не сұмдық! не болған сіздерге? Аналардың бұл қылығы

несі?! Тыныш жатқан әруақтарды шулатқаны,  қай албасты басқаны?!

– Е-е, балам! Менің қолымнан келер қайран барма? Біз оларға бөгет бола

алмадық. Ойларына келгенін жасады.  Одан арыға шыдай алмадым. Атқа қайта қондым да ауыл сыртындағы әруақтарымыз жерленген көне зиратты  бетке алып тұра шаптым. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Кеше ғана ауылдан кетерде марқұм аруақтардың басына келіп құран бағыштап кетпедім бе?!  Бүгін тып – тыйпыл.  Салынып жатқан үлкен жолға кедергі жасады! -  депті де, бір күнде Қытыкең жыртқыш техникасының тұмсығын тірепті. Ауылда бар кісілер шамасы жеткенше қарсылық танытыпты. Оған қараған олар жоқ. Ата – бабаңның сүйегі керек болса әуелде неге ойланбайсыңдар, – деп кесіп айтыпты. Қарсы шыққан бірен саран жігіттерді өкіметке қарсы тұрды деген желеумен қол – аяқтарына тұсау салыпты. Ешқандай мүмкіндігі қалмаған жуас ауыл  шамалары жеткенше  жақындарының қабырын қазып алуға тырысқанымен аналар үлгірпепті. Жайлау қарт бастаған ауыл үлкендері «бірнеше күн бере тұрыңдар, аруақтарға арнап бір малдың басын кесіп, құдайы ас берейік, содан соң жұрт болып жұмылып қазып алып кетейік те басқа жайға ораналстырайық» - деп өтініш жасапты. Оған қарайтын олар ма? Дінсіз, имансыз ұлттың тұқымы сенің әруағыңды қайтсін, - біздің уақытымыз өлшеулі, сағатымыз санаулы, жер өкіметтікі, сүйек теріп отыратын  уақыт жоқ, теріп алам десеңдер артынан келіңдер! – депті де  бірнеше жүз жылдық тарихы бар, талайдың ата – бабасы жатқан қорымды түртіп алыпты да келесі сайға апарып төгіп тастапты. Міне сұмдық! Ауыл – біткен күңіреніп сала берді. Не шара! Қолымыздан түк те келмеді. Зар илеп, запыран құстық. Олар біздің аруақтарымызды  қандай құрыметтейтін  ұлт екенімізді  қайдан ұқсын! Қос қолын төбесіне қойып, зарлаған ақ кимешекті әжелеріміздің мұң – зары оларды биіт шаққан ғұрлы көрмеді.  Оларға керегі  сол  болды. Бүгін барып қарайтын болсаңыз  сол жерден құмырысқадай қаптаған үлкенді – кішілі көліктер жүйткіп жүр.  Оны көрген сайын жүрегім ауырады.  Басымның сақинасы ұстайды. Көрдің бе балам! Күні ертең мені де сүйтіп түртіп тастамасына кім кепіл. Оданда жаным аман тұрғанда табанымды жалтыратайын дедім.  Әйтеуір,  шеттегі қазақтар қайда барам?! - деп бас қатырмайды. Жас болса да өз отандары бар. Арттағы жұрт қайтер дейсің! - түбінде бір келер. Ал,  мұнда жүріп өле кетсең қайда көмеді!- деп бас қатырмайсың, өсиет етсең болды,  қалаған жеріңе жайғастырады.  Айырмашылқ қайда жатыр. Мынандай үлкен  жердің қадіріне жетіңдер. Заман сендердікі.  Жас елге қызымет жасау  борыштарың!

– Әрине!  жанымыз ұясында болса елге,  жерге қызмет жасауға дайынбыз!

 – Оларың жөн.

...  Осындай азды – көпті әңгімемен Қазақстанның шегера бекетіне де келіп тірелдік. Атамды қолтықтап, көліктен түсірдім де ішкі залға алып кірдім.  Сақпының тасындай сайланған  қыз - жігіттерді көрген де атамның қуанышында шек болмады.

 - Бәрекелді!  Жарайсыңдар!  міне нағыз қазақ. Ел қорғау деген өте үлкен жауапкершілік. Алла алдында да сұралады..!   Атамыз  барлық шаршауын ұмытқандай.  түрі жайнап сала берді.  Алдынан арлы – берлі өткен шегарашыларды  шетінен тоқтатып алып:

 - Әй, балам! Қазақпысың? – деп сұрайды.  Олар,  иә,  ата қазақпыз!- деп жауап береді.

– Өркендерің өссін!  бақытты ұрпақ деген осы. Осы күнге жеткізген құдайдан айналайын.  Кенет,  кемпірін қасына шақырып:

- Әй, кемпір!  қарашы ана әскери киім киінген балаңа!  қалай жарасқан өзіне, Ой, көп жасағыр – ай!  өмір бойы Қытайдың қызылынан жалыққан кәрі көзге қалай сүйкімді көрінеді ә! Қарашы деймін саған.  Әжеміздің де жүзінен де бір түрлі сүйсіну мен қуаныштың сағымы еседі.

 –Төу,   шал – ай! сен де қоймайсың!   құлағымды жеп жүріп арманыңа да жеттің – ау!

– Ой, ауызыңды ұрайынның кемпірі!  бұл менің әкем марқұмның өсиеті емес пе?! жаның аман тұрғанда қазақ жеріне жетіп ал! - дейтұғын жарықтық!  Енді барсам алдында бетім жарық болар иншалла!   Атама қарап тұрып жүрегім шымырлап барады. Сіздей қарты бар қазақ  деген елден  айналайын.  Жанарыма жас келді.  Бұл жердегі құжаттарымызды да рәсімдеп атамды қолтықтадым да  сыртқа шықтым.

 – Ал,  ата қош келдіңіз! Қазақтың  даласына табаныңыз тиді. Ауасын жұттыңыз.Арманыңыз орындалды. Құдай сізге қуат берсін! – дедім атамның қолын алып.

 – Ой,  Аллай! О, жаратушым!  айналдым сенен! мың шүкір саған. Осы күнге жетпей кеткен қанша адам бар?! – деп естірте күбірледі.  Бірақ,  соңғы сөзіне діріл араласты.   Қос қолымен шағырайып тұрған күнді көлегейледі де айналасына ұзақ көз тастады...    Сырғымалы сағаттың тілі екіндіні көрсетіп тұр.

 – Ата,  енді аялдамаңыз!  ерте – жарықта баратын жерлеріңізге жетіп алыңыздар!

 – Шырағым!  Тоқтай тұр,   саған айтарым бар.  Қайда  жүрсеңде аман бол! Бірақ,  еліңді сүй, ұлтыңды құрметте!  Сатқын, сараң болма!  Жүзге бөлінбе жүзің күйеді, руға бөлінбе у ішесің! - деген дана халқымыз. Еліңе адал қызымет жаса!   Алла Тағала еңбегіңді жемейді.   Шығатын  биігің мен мәртебең де биік болады! - деді де алақанын жәйіп ішінен бірдемелерді айтып күбірледі. Көп кідірмей «аумин»  деп бет сипады.  Көңіл шіркін астаң – кестең сапырылысып барады. Алдымдағы ақ сақалды атама деген қимастық, өзегімді бірнеше рет түйгіштеп жібергендей болды. Атамды қолтықтап әкелдім де Жаркент қаласына баратын көлікке мінгізіп, жол болсын айтып қала бердім. Жанарымдағы  ыстық жасты өзімде аңғармай қалыппын.   Сол көрініс, сол реткі атаның ұлттық рухы күні бүгінге дейін жанымнан кеткен емес. Қөңілімнің айнасы сияқты. ұмытылар емес. Ақ  сақалы төсін жауып, көз алдыма тартылады.  Е-е, Шіркін..!  Қайда  жүр екен?! Әлде...

  Мұқият Қойшыбайұлы,  Қостанай облысы Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының қызметкері. 24 сәуір 2012 жыл Арқалық.   demeu2
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір